«АРҚАЛЫҚ ҚАЗАҚ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ»
0
Театр тарихы

 

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры 2001 жылы өз шымылдығын М.Әуезовтың «Айман – Шолпан» комедиясымен ашты. Қоюшы-режиссеры Ж.Есенбеков. Бұл туынды жаңа театрдың болашақтағы қадамына жол ашты.

 

 

 

 

 

2001 жыл театр өміріндегі ерекше кезең болып есте қалды.Аяғынан қаз тұрып, тәй – тәй басқан сәбидей өнердің қадамына талпынған театр ұжымы алғаш рет тәжірибе алмасу алаңы – театрлар фестиваліне қатысуға тәуекел етіп, Петропавл қаласына жол тартты. Осы бәйгеде театр М.Әуезовтың «Айман – Шолпан» (режиссері Ж.Есенбеков) комедиясымен қатысып, театр әртісі Орынбасар Қойбағаров (Арыстан ролі) «Ең үздік дебют» номинациясымен марапатталды.

 

2003 жылы Бақнұр Молдашев жыршы – термешілер фестивалінде, ал Нұрғали Оразбек Астана қаласында өткен «Тазша бала» фестивалінде лауреат атанды.

 

2004 жылдың күзінде Қостанайда өткен ХІІ республикалық театр фестиваліне Қ.Сәрсекеевтің «Мұңлық – Зарлық» драмасымен қатысқан (режиссері Ә.Е.Садықова) театр ұжымы «Театр дебюті» номинациясы бойынша лауреат атанды.

 

Сонымен қатар, басшылық Қазақстандағы өзге театрлар тәжірибесіне сүйене отырып, белгілі танымал мамандарды жаңа қойылымдарды қоюға арнайы шақырды. Өзіндік қолтаңбасы, өзіндік шешімі, өзіндік идеясы бар Жанат Хаджиев, Досжан Жанботаев, Татьяна Рақышева, Сағызбай Қарабалин, Айгүл Баядилова, Ғазиз Арынов, Салима Тасеменова, Е.Төлеубайлармен жұмыс істеу артистерге зор ғанибет болды. Шығармашылық ұжымның шеберлігі шыңдала түсті.

 

2007 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХҮ Республикалық фестиваліне Ә.Таразидың «Күнә» қойылымын (Т.Рақышева) ұсынып, мәдениет министрлігінің марапаттауына ие болды.

 

2009  жылы Көкшетау қаласында өткен аймақтық фестивалде Т.Рақышева сахналаған Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» қойылымы Көкшетау қаласы әкімінің арнайы дипломымен марапатталды.

 

2007-2008 жылдары Ғазиз Арынов қызмет атқарған жылдары өзінің жаңаша қойылымдарымен театрдың шығармашылық әлеуетін арттырды. Ол М.Мақатаевтың «Шаңырағыңды шайқалтпа» драма, М.Әуезов «Бәйбіше, тоқал» драма, Ш.Орынбай, Ғ.Арынов «Тозаңды терезе» драма т.б. қойылымдарды  сахналап, өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

 

2011 жылы бас режиссерлыққа Республикаға танымал АГТХИдың түлегі С.Тасеменова жұмысқа шақырылды. Л.Егембердиеваның «Өкініш» /драма/, Т.Теменов «Мулен Ружға шақыру» /комедия/, М.Әуезов «Қарагөз» /драма/, «Торғайдың топжарғаны» атанған Нұрхан Ахметбековтың 110 жасқа толуына орай Н.Айтұлының «Тілеп – Сарықыз» драмасын сахналап, Астана жұртшылығы жылы қабылдады.

 

2012 жылы І.Омаровтың 100 жылдығына арналған Республикалық театрлар  фестиваліне шығармашылық ұжым «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы» (қоюшы режиссер С.Тасеменова) драмасымен қатысып, спектакльдегі Абайдың әр кезеңдегі  бейнесін сомдаған артистер О.Нұрғали, Е.Барақов, Н.Байшин фестиваль лауреаты атанды.

 

2013 жылы театр Тараз қаласында өткен «Тұңғыштай әл – Тарази Таразға шақырады» атты І Республикалық фестивальге қатысып, дипломмен марапатталды.

 

2017 жылы Жезқазған қаласында өткен  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Ж.Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестивалінде Б.Есеналиевтің «Қанды азу» қойылыммен «Үкілі үміт» номинациясы бойынша марапатталды.

 

15 жылдан аса уақыт ішінде театр Қазақстанның барлық облыстарында, ірі-ірі қалаларында, ауылдық жерлерде гастрольдік сапарларда болып, қойылымдар қойды. Театр репертуарында қазақ әдебиеті классикасы мен қазіргі заман әдебиетінің озық үлгілері негізінде қойылған қойылымдар бар.

 

Театрымызда 3 ҚР «Мәдениет қайраткері» еңбек етеді.