«АРҚАЛЫҚ ҚАЗАҚ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ»
0
Қостанай қаласы және Әулиекөл ауданына гастрольдік іс – сапары өтті

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» Жолдауы аясында 2018 жылдың 9-11 сәуір аралығында театрдың Қостанай қаласы және Әулиекөл ауданына гастрольдік іс – сапары өтті.

 

Гастрольдің алғашқы күні 2017 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Ж.Ә.Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестивалінде «Үкілі үміт» номинациясын иеленген Б.Есеналиев «Қанды азу» /драма/  (қоюшы режиссер Ә.Садықова) спектаклі көрермендер талғамы мен талқысына ұсынылды. Сахнада екі әлем: жыртқыш пен адамдар дүниесін көрсетудің сан алуан амалдары, жаратылыстағы адам мен табиғаттың қатынас дәрежесі көрсетілді. Пластикалық жүйемен үндескен қойылым көрерменнің жүрегін жаулап, ыстық ықыласқа бөленді. Ақ азудың ішкі әлемендегі сезімдерін дене қимылдары арқылы беруде артист Б.Жүнісов асқан шеберлік танытып, көзі қарақты көрермен назарын өзіне аударды.

 

Екінші күні қала тұрғындары мен қонақтары Қ.Кемеңгерұлы, Е.Төлеубай «Алтын сақина» драмасын тамашалады. Қойылым ерлі – зайыптылардың сыйластығымен басталып, бір перзентке зар болған отбасындағы оқиғалармен өрбиді. Құрсақ көтермегені үшін қысым көрсеткен адуынды ененің түрлі іс - әрекеттері, «әйеліңнің суық жүрісі бар» -  деп ұлын келініне айдап салуы оқиғаны шиеленістіріп, ерлі – зайыптылар арасындағы сенім атты ұғымның сенімсіздікпен алмасуына әкеп соғады. Анасының сөзіне ерген Сағынтай Халиманы итке талатып өлтіреді. Көрермендер қойылымды бір деммен көріп шықты. Нәтижесінде, артист ретінде өзіндік кредоларын қалыптастырған артистер Жания - Р.Байкөбен, Ұмсындық – Б.Ордабаева, Өрік – Г.Балғынбаева, Бекболат – О.Нүрғалилармен бірге Сағынтай мен  Халима рөлін сомдаған жастар А.Алматов пен Ә.Әбілова және Бану – А.Жүсіпбековалар көрермендердің қошеметіне бөленіп, өнерді бағалар ел ағалары мен қостанайлық әріптестерінің өте жоғары бағасына ие болды.

 

Театрдың шығармашылық құрамы Қостанай қаласы және Әуликөл аудандарының талғампаз көрермендеріне Ә.Файзуллаұлының «Бағдаршам» ертегісін ұсынды. Жол жүру ережесін ойынмен, түрлі – түсті жарықтармен, топтық бірігулер, ертегі кейіпкерлері – аңдар арқылы көрсететін қойылымды бүлдіршіндеріміз қызыға тамашалап, оқиға барысына белсене араласып отырды.