«АРҚАЛЫҚ ҚАЗАҚ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ»
0
Шаттық сыйлаған күн

Қашанда игілікті істің басы – қасында жүретін Арқалық қазақ жасөспірімдер театры жаңа 2020 жылдың табалдырығын қайырымдылық іспен аттады.

Күні кеше ғана, яғни қаңтар айының 13 күні театр ұжымы қаламыздағы «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы барып, концерттік бағдарлама ұсынды. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қамкөңіл жандарды жаңа жылмен құттықтап, ерекше көңіл – күй сыйлау. Театрдың орта буын өкілдері Ұлжалғас Сейдахметова мен Бақыткүл Ордабаева бастап, жалынды жастары Дүйсен Қадырханов, Азамат Алматов, Бағдат Жүнісов, Наурызбек Бекқалиев қостап, әуелетіп ән салса, Мереке Төреқан мен Карина Адилова түрлі ұлттың биін билеп, көрермендерге көңілді күй сыйлады. Орталықтағы жандардың жүректеріне шаттық орнап, жүздерінен қуаныш лебі есіп тұрды. Мекеме директоры Наталья Доценко мен тәрбиеленуші Николай Архипов алған әсерлерімен бөлісіп, өнер ұжымына ыстық ілтипатын жеткізді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалалар мен қарттарға арнап үнемі қайырымдылық көрсетілімдер ұйымдастыратын театр ұжымының жұмысы әлі де жалғасын таба бермек.