Торғай жеріндегі рухани мекен Арқалық қазақ жасөспірімдер театры 2020 жылдың қазан айының 14 күні еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантиндік талаптарға сақтай отырып, мерейтойлық ХХ маусымын ашты. Аталмыш маусымның шымылдығын театр ұжымы қазақтың бас ақыны А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай М.Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясының желісімен Б.Римованың инсценировкасымен жазылған «Абай – Әйгерім» лирикалық драмасымен түрді. Театр сүйер қауым үшін ерекше мереке боп саналатын маусымашарға қала әкімі Қ.Т.Әбішов, аппарат басшысы Б.С.Бралин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Ғапбасұлы, өнер ордасының 20 жылдық тарихында алтын әріппен жазылатын есімдердің бірі, екі шылбыр, бір тізгінді қолға алып, 10 жылдан аса театрға басшылық еткен ҚР Мәдениет қайраткері О.О.Мұқатова, сонымен қатар облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Р.Т.Олжабаева, Қостанай облыстық орыс драма театрының басшысы Ю.И.Ивлев және осы театрдың бас режиссеры Д.Жұмабаевалар қонақ ретінде шақырылды. Көрерменнің театрды сағынғандығын ерекше қошеметтен, ал артистердің сағынышын сахнада рөлдерін жандарын жеп сомдағандарынан байқадық.