ТЕРЕК РАУАН АБДУЛЛАЖАНҰЛЫ
«Арқалық қазақ жасөспірімдер театры» КМҚК басшысы
Өмірбаяны
Терек Рауан Абдуллажанұлы 1994 жылғы 19 ақпанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра ауылында дүниеге келген.
2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепке қабылданып, 2004 жылға дейін білім алды. 2005 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ақшығанақ ауылындағы Қаражан Топаев атындағы орта мектепте оқуын жалғастырып, 2011 жылы аталған мектепті тәмамдады.
2011 жылы мемлекеттік білім грантының иегері атанып, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының филология және педагогика факультетіне «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсті. 2011–2015 жылдары аталған жоғары оқу орнында білім алып, институт түлегі атанды.
2023–2025 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Еңбек жолы
2015 жылғы 4 қарашадан бастап Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінде экскурсия жетекшісі (гид) қызметін атқарды.
2024 жылғы ақпаннан бастап Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің басшысы міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды. 2025 жылғы 14 мамырда музей басшысы болып бекітілді.
Сонымен қатар, 2020–2025 жылдары Арқалық қаласы білім бөлімінің Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Осы кезеңде УК-161/12 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерге де аталған пән бойынша білім беріп, мектепте оқушыларға арналған үйірме жұмыстарына жетекшілік етті.
2025–2028 жылдарға Арқалық қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып сайланды.
2026 жылғы 4 мамырдан бастап «Арқалық қазақ жасөспірімдер театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басшысы қызметіне тағайындалды.
Мәдениет пен руханият саласындағы қызметі
Рауан Абдуллажанұлы 2015 жылдан бастап Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен іргесі қаланған руханият ордасы — Дала өлкесі тарихы облыстық музейінде еңбек етіп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу, насихаттау және өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру бағытында нәтижелі жұмыс атқарды.
Музей қызметінде мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруға, экспозициялар мен көрмелерді әзірлеуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, тарихи жәдігерлерді жинақтау мен сақтауға және оларды кеңінен танытуға белсенді үлес қосты. Аймақтық және облыстық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға қатысып, кәсіби тәжірибесін жетілдірді.
Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін музейде дайындалған «Батпаққара көтерілісі» атты кітапты құрастыру жұмысына қатысты. Жинақта 1929 жылғы көтеріліске қатысушылар туралы мәліметтер, тарихи құжаттар мен естеліктер қамтылып, өлке тарихын зерделеуге мүмкіндік беретін құнды деректер топтастырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Музей қорындағы жәдігерлерге саяхат», «Шебердің қолы алтын» атты жобаларды жүзеге асыруға атсалысты. Аталған жобалар арқылы ұлттық қолөнердің тарихы мен даму жолдары, дәстүрлі өнерді жалғастырып жүрген шеберлердің еңбегі көпшілікке таныстырылды. Жоба барысында Қостанай облысындағы оннан астам қолөнер шеберінің шығармашылығы насихатталды.
2020 жылы пандемия кезеңінде де музей жұмысын жаңа форматта жалғастырып, «Сіз коллекция жинайсыз ба?», «Үйдегі мәдени құндылық» атты жобаларды қолға алды. Нәтижесінде тұрғындардың жеке қолындағы халқымыздың тарихы мен тұрмысынан сыр шертетін құнды жәдігерлер анықталып, музейден тыс мәдени құндылықтар қорының қалыптасуына ықпал етті.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру барысында білім беру ұйымдарымен, жоғары оқу орындарымен, түзеу мекемелерімен және өзге де мекемелермен тығыз байланыс орнатты. Оның музей саласындағы еңбегі мен кәсіби жетістіктері Қостанай облысы көлемінде жоғары бағаланып, «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациясының иегері атанды.
Шығармашылық және қоғамдық қызметі
Рауан Абдуллажанұлы мәдениет пен өнер саласындағы қызметін қоғамдық және шығармашылық жұмыстармен ұштастырып келеді. Әр жылдары облыстық және аймақтық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қоғамдық негізде жұмыс істеген «Руханият» театрының белсенді актері ретінде сахналық өнердің дамуына үлес қосты.
Сондай-ақ облыс көлемінде ұйымдастырылған республикалық фестивальдерге, кездесу кештеріне және концерттік бағдарламаларға атсалысып, жастар саясатын дамытуға, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға белсенді араласты.
Қоғамдық белсенділігі мен мәдениет саласындағы еңбегі үшін есімі Арқалық қаласы жастарының «Алтын кітабына» «Ерекше қоғамдық белсенділігі үшін» номинациясы бойынша енгізілді.
Марапаттары мен жетістіктері
Рауан Абдуллажанұлының мәдениет пен өнер саласын дамытуға қосқан үлесі бірқатар марапаттармен бағаланған. Атап айтқанда:
- Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасы;
- Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысының Грамотасы;
- Арқалық қаласы әкімінің Құрмет грамотасы;
- Арқалық қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының Алғыс хаты;
- «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациясы;
- Арқалық қаласы жастарының «Алтын кітабына» енгізілуі;
- 2024 жылы Қазақстан Республикасының «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының «Жылдың үздік қоғам белсендісі» төсбелгісі.
Рауан Абдуллажанұлы — білім мен мәдениет саласындағы тәжірибесін ұштастырып, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге, ұлттық өнерді насихаттауға және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосып келе жатқан азамат. Оның кәсіби білімі, ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдық белсенділігі алдағы уақытта театр өнерін дамытуға, жас көрермендердің рухани-эстетикалық талғамын қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған бастамаларға негіз болады.




