«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»

Сәуір айының 7 – сі күні театр артисі Бақыткүл Қайыржанқызы Ордабаева Қостанай қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын облыстағы өнер мен шығармашылық, ғылым мен мәдениет қызметкерлеріне берілетін «Мецанаттар клубы» сыйлығының «Театр өнері» номинациясын иеленді.

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, ол – шынайы өмір мен өнерді бейнелейтін рухани киелі орда. Ал, ондағы көрерменнің көңіл таразысы үшін қызмет ететін актердің еңбегін телегей – теңізге теңеуге болады. Бақыткүл Қайыржанқызы театр сахнасында өзінің алғашқы қадамын Х.Вахит «Амурдың әлегі» /комедия/ спектаклінде – Ғазиза рөлінен бастады. Сол кезден –ақ, ол өзінің жастық жалынымен, еңбекқорлығымен режиссерлердың көзіне түсті. Олар театрға арналған тағы бір талант келгенін сол уақыттан –ақ ұқты, сенім артты. Әрқилы ірілі – ұсақты рөлдер беріп жан – жақты аша түсті.

Қазіргі уақытта Бақыткүл Қайыржанқызының артистік қоржынында 60- тан аса рөл бар. Ойнаған рөлдерінің мінезін, болмысын терең ашып, драмалық сипат беруді мақсат тұтатын талғампаз актриса. Құлаққа жағымды ашық даусымен, сыңғырлаған күлкісімен жарқылдап, сахнаға жайнап шыққанда, көрермендерін еріксіз баурап әкетеді. Сондай – ақ, ол көптеген ертегілерде ойнап, бірде өткір мінезді ханшаларды, бірде аңдардың кейіптерінде көріне білді.

Дей тұрсақ та, артистің өнеріндегі шоқтығы биік образдары болатын және рас. Мәселен, Б.Қайыржанқызының соңғы кездегі сомдаған рөлдері ішінен Қ.Кемеңгерұлы, Е.Төлеубай «Алтын сақина» драмасындағы Ұмсындық рөлін атауға болады. Бұл образда актрисаның бар мүмкіндігі көрініс тапқан. Ол тылсым, құпия болып келетін адамның болмысын, мінез – құлқын сан құбылтады. Әдемілік те адамда, ішкі арпалыс та, лап еткен қуанышта, қайғы – қасіретте сол мың бұралаң адам өмірінде екенін көз алдыңызға әкеліп жайып салады. Бұл рөл – «Мецанаттар клубы» сыйлығының «Театр өнері» номинациясын алуға да әсер етті.

«Арқалық қазақ жасөспірімдер театры» КМҚК

Телефон: 8 (714 30) 7 00 08
Email: teatr_49@mail.ru
г. Аркалык
Ш. Жәнібек көшесі,86