Наурыз айының 27 жұлдызы театр қызметкерлері, өнер сүйер қауым үшін ерекше күн. Себебі, бұл күн театр өнер үшін еңбек етіп жатқан жандардың мерекесі, яғни 27 наурыз – Халықаралық театр күні. Жылдағы дәстұр бойынша, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының ұжымы да бұл күнді ерекше атап өтті. Биылғы мерекелік іс шараның бір ерекшілігі – театр артистері жылдағыдай сахнада емес, көрермен залында отырды. Арқалық мәдениет сарайы мен Жастар орталығының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады. Қаладағы мекеме басшылары театр ұжымын төл мерекемен құттықтап келді.
Мерекелік шара барысында театр артистері қызыл кілеммен жүріп өтіп, грамота және алғыс хаттармен марапатталды. Қала әкімінің Құрмет грамотасымен театр артистері Республикалық театр фестивалінің лауреаты Орынбасар Қойбағаров, Қадеш Қабиева, Нұрлыбек Мұсафархановтар марапатталды.
Сондай – ақ, мерекеге орай театрдың 5 қызметкері Қостанай қаласындағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының қабырғасында өткен өткен мерекелік іс – шараға қатысып, марапатталып қайтты. Театр артисі Әлібек Манетов Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Мәдениет басқармасының басшысының грамотасымен артистер Ұлжалғас Сейдахметова, Бағдат Жүнісов, бас администратор Ұлбосын Нұрымова, бутафор Төлеген Сарбаев марапатталды.