Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының әрбір спектаклі – бұл әсемдік, мәңгілік пен жарқын болашаққа деген бетбұрыс, көрермендердің қайталанбас нәзік сезімі десек, шығармашылық ұжым жаңа жылда талғампаз көрермендерге жаңа қойылымын Ә.Қайдардың «Құйыршық» ертегісін ұсынды.
А.ж. ақпан айының 12 – сі күні аталмыш қойылымның премьерасына «Сәби – Арқалық» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қарттарға арналған күндізгі болу бөлімшесі және Арқалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері шақырылып, қайырымдылық қойылым көрсетілді. Сюжеті – шал мен кемпірдің кішкентай ақ ешкісі болады. Күндердің күнінде сол жақсы көретін ешкісін жабайы қасқыр жеп қояды. Ешкіден тек кішкене құйрығы қалады. Шал мен кемпір құйыршықты алып, жабыраңқы көңілде жылап отырады. Құйрыққа тамған жастан, ол кіщкентай сүйкімді балаға айналып кетеді. Содан бастап Құйыршықтың қызық оқиғалары басталады. Қамтитын тақырыбы мен айтар ойының ауқымдылығы жоғары қойылымның көрермендері көп болады деген сенімдеміз.